Концерт, букинг, пресса: + 7 775 646 72 06; Вконтакте Facebook Twitter Instagram TikTok shyngysofficial@gmail.com

ШYNGYS

Биография Видео Аудио Фото Пресса Дискография Текст Хан Хикаяты Толғаныс

"АйнаLife" журналы: Қазақ рэпі "ханының" "бақталастары мен тақталастары" көп...


Ешбір музыкалық аспаптарда ойнамайтын, вокал ерекшелігі де аса байқалмайтын, бірақ өздерін жаңа музыкалық жанр өкілдері санайтын бұл жастардың әрекетін ересектер жағы ауладағы балалардың әуесі, ұсақ тірлік деп санайды. Тіпті,олардың өз аудиториясы қалыптасып қалғанын, рэпперлердің концерттері жиілеп,жастар жағы рэп орындаушыларына құлақ асып, назар аударғанын да мойындамайды. "Қазақ рэпі" деген стиль қалыптасып үлгіргенін өнердің өзге өкілдері елемегендей сыңай танытады. Өнердің озық үлгісіне жатқызылмағанымен, олардың композицияларын жасөспірімдер бір-бірінен көшіріп, талқылап, интернет арқылы тамашалайды.
Қазақ рэпперлері, олар кімдер деген сауал бойынша ізденіс осынау виртулды қауымдастықтың ішкі тіршілігі, жай-күйі, одан қалды қайшылықтары мен қызықтары да бар екендігіне көз жеткізді. Рэп орындаушылардың бірі өзін - Қазақ рэпінің ханы атап жүр. Ол еліміздегі маңдай алды оқу орындарының бірін бітіріп, мұнай компаниясында менеджер болып жұмыс істеп көрген, бірақ "хип-хоп мұнайдан артық" деген тоқтамға келген Шыңғыс Әлкеев. Ол «ASH ҚaZaҚ Pro» алғашқы қазақша Хип-Хоп лейблін қалыптастырған музыкант әрі продюсер.

"Хан" атағы тым "ауыр" емес пе? Қазақ рэпінің даму қарқыны қандай? Осындай сауалдарға Шыңғыс төмендегі сұхбатта жауап берді.


"Мен-ақынмын"

-Қазақ хип-хопы - бұл субмәдениет пе, әлде өнер ме, әлде әуесқойлар клубы ма?
-Енді, субкультура түбірінде "мәдениет" сөзі бар ғой. Біз өзімізді өнер адамдары деп атағымыз келеді. Өзімізді байсалды, өнерге танылып жүрген адамдармыз деп есептейміз. Өзімнің осы жанрмен әуестенгенімен бес жыл болды.
-Бұл ортаға қалай түстің? Музыкалық қабілеттерің болды ма? Әлде аяқасты пайда болған әуес пе?
-Мен мектепте оқып жүргенімде, 9-сыныптан бастап өлең жаза бастадым. Жазбаша ақын едім. Шымкенттің "Дарын" мектебінде оқыдым. Жергілікті баспасөзге өлеңдерім шығып жүретін. Алғашқы жыр жинағым да сол оқушы кезімде шықты. Кейін Алматыға келдім. Осында 2004-жылы Ақтаудың рэппер жігіттерімен танысып, олар "О, ақын екенсің, ендеше өлеңіңді рэп стилінде орындап көр" деп ұсынып, осылай "бұзылдық" қой.
-Ақынның mс-ге (master of ceremonies - регги-мәдениет пен хип-хопта электронды музыканы сөзбен үйлестіретін әртіс) "трансформациялануы" сені білетін адамдарды қандай әсерде қалдырды?
-Ата-анам телеарналардан сұхбаттарымды көре бастады, осылайша менің рэп айтып жүргенімді білді. Олар шошыды. Мен Қазақ Менеджмент, экономика және болжау институтында (КИМЭП) оқыдым. Халықаралық қатынастар және мемлекеттік жергілікті басқару мамандығы бойынша. "Сені Алматыға оқуға жіберсек, сен бір жын-ойнаққа кіріп кеттің! Не сұмдық ол?" - деп ұрысқаны бар. Жалпы қарсы. Бірақ қазір үйреніп қалған сияқты. Ал достарыма келетін болсам, бұрын енді мектепте белсенді оқушылардың бірі едім. Байсалды да белсенді шәкірт болатынмын. Кейін сыныптастарым "Сен бұрын "жақсы" жігіт едің" деп, күледі.

"Хан" саясат пен діннен аулақ жүргенді дұрыс санайды

-Қазір трэктеріңе қарап, жаман жігіттер деп біржақты мінездеме беруге болмайтын сияқты. Өйткені жақсылыққа, ізгілікке үндеу, насихат байқалады. Қазақ рэпперлері қозғайтын тақырыптардың бәрі бірдей ме, әлде біз біле бермейтін "ішкі тақырыптар" да бар ма?
-Рэпперлер арасында ішкі тақырыптар бар, мысалы өзара қақтығыстар, бір-бірін балағаттап әндер жазу бар. Менің жеке өзіме келер болсам, мені боқтап жазған 400-ге жуық әндерді естідім. Маған қарсы өте көп жазады. "Сен қазақ рэпінің ханы емессің, басқасысың" деп.
Неге соншалықты жек көреді?
-Мен өзімді "Қазақ рэпінің ханы" деп атағаным көптеген рэпперлерге ұнамайды. "Сені кім сайлады хан қылып?" дейді.
-Мені де сол сұрақ қызықтырып отыр...
-Бұл сахналық образ. Негізі, басында мен мұны әзіл ретінде қоя салдым.
-Өйткені атың Шыңғыс...
-Ия. Атыма да жарасады хан деген. Сондықтан да қазақ рэпінің ханы деген атауды бірінші альбомыма қоя салдым. Альбом шыққаннан кейін бүкіл Қазақстандағы mc-лер тарапынан дау туындады. Оппонент ретінде екінші бір ms-ді балағаттап айтатын әндерді "дисc" деп атайды (ағылшынның disrespect — сыйламау сөзінен). Сондай әндер маған жаңбырдай жауды. Сол "Қазақ рэпінің ханы" деген атақты менен басқасының бәрі шын қабылдады. Мен тек оны брэнд ретінде пайдалануға болатынын түсініп, сол "хан образына" жабысып қалдым.
-Қазақ рэпінде қазір ханнан басқа кімдер бар?
-Қазақ рэпінің ханзадасы, ханшайымы дегендерді естімеппін өз басым. Ханмын деп күлкі болып жүрген тек мен ғана шығар...
-Ал бәсеке қаншалықты күшті?
-"Ash qazaq pro" продюсерлік орталығына келер болсақ, бізде он шақты рэппер бар. Олар өзара бәсекелес болмауы үшін, әр қайсысына стиль беріп қойдым: Біреуі батыл рэпке, біреуін лирикалық рэпке жібердім, енді біреуін Eminem стиліне жібердім, яғни олар бір-біріне ұқсамайды.
-Қазақ рэп орындаушылары музыкалық бағыт ретінде қалыптасты ма?
Өңірлердегі орындаушылардың көпшілігімен араласамыз. Олардың рэппен айналысуы: бес-алты ән жазады, интернетте жариялайды, бес-алты коментарий алады. Сонымен ғана шектеледі. Бізді енді индустрия деп бағалауға ерте. Бірақ бізде тұрақты концерттер болып тұрады. Десе де, бизнес деп те қарай алмаймыз, өйткені көп қаражат түсірмейді. Хобби ретінде де қарамаймыз. Өйткені өміріміздің көп бөлігін осыған арнаймыз. Біз басқа ms-лерге қарағанда байсалдырақ қараймыз. Басқалары әнді жазады, сосын жоғалады.
...яғни, қандай да бір дәрежеде, бәрібір шоу-бизнес қой?
-Солай деп айтуға болады. Бізде айына екі-үш концерттен болып тұрады. Біз Орынборға дейін барып қайттық. Сол жақтағы қазақ қауымдастығы бізді щақырды. Орынбордағы қазақ жастары бізді тыңдайды екен, бірақ тілімізді түсінбейді. Сондықтан қауымдастық өкілдері жастарға қазақ тілін танытуды өтініп, шақырды. Сол жерде клубқа бес жүзге жуық адам жиналды. Түрлері қазақ болғанымен, тілді білмейтін жастар. Бірақ "Қазақтар!" дегенімізде бәрі жандарын салып қиқулап, акцентпен болсын, сөйлеуге тырысып жатты.
- Рэпперлерге тақырып бойынша шектеулер бар ма? Бір жерден оқып қалдым, мысалы қоғамдағы жайттарға, саясатқа қатысты тақырыптар аса қозғалмайды...
‑Біз саяси процестерге араласқанды жөн көрмейміз.Өзім саясаттануды оқыдым, бәрін түсінемін...
-Енді лексикаға келсек...Кейбір рэпперлердің туындысын тыңдау мүмкін емес: ұйқасты,шығармашылықты былай қойғанның өзінде, боқтық пен былапыттан арылмайды. Бұл не, рэптің тыңдарман сол сүйінде қабылдауы тиіс классикалық үлгісі ме, әлде тым еркінсіп кеткен рэперлердің тыңдауға тұрмайтын шығармашылығы ма?
-Өз басым, боқтық сөздер қолданбаймын. Әрине, ms-лер бар аузына келгенді оттайтын. Жалпы, ол да рэптің бір стиліне жатады - хардкор. Ол стильге тиым салуға болмайды. Тыңдау-тыңдамауды тыңдарман өзі шешеді. Әрине, кішкентай балалар не тыңдап жүргенін ешкім қадағаламайды ғой. Сондықтан екі жақтан да қарау керек.
- Батыс өңірдегі қазақ рэпінің қандай ерекшелігі бар?
- Батыс Қазақстандағы рэпперлер "ислами рэпке" бейім. Бұл жеке өзіме ұнамайды. 15-16, ары кетсе 19 жасар жігіттердің ақірет күн, о дүние ,өлім туралы айтатыны ұнамайды. Өйткені өмірді көрмей жатып, өлім туралы айту қисынсыз-ақ. Менің ойымша, рэп пен дінді араластыруға болмайды. Өзім дінге бейтарап адаммын. Белгілі бір дінді ұстанамын деп те айта алмаймын өзімді. Дін бөлек болуы керек. Ол ішкі жан-дүниеге тән нәрсе. Оны көпшілікке көрсету, менің ойымша, дұрыс емес.
-Жастардың бір тобы сендерге ілеседі деп айтуға болады. Жастардың арасында қоғамдық жұмыстар жүргізетін топтар тарапынан рэпперлерге ұсыныстар түседі ме?
-Саяси партиялар өздерінің тұрақты адамдарымен жұмыс істейді, шеттен ешкімді іздемейді.
-Концерттер қаншалықты табысты?
-Алғашқы концерттерді өз ләззатымыз үшін бердік деп айтуға болады. Ал қазіргі концерттерді біз ұйымдастырмаймыз, өңірлердегі ұйымдастырушылар шақырады бізді. Белгілеп қойған гонорарымыз бар.
-Сонда бір концерттен қанша түседі?
-Концерттерге үш адам болып барамыз: Maximum,Truman және мен. Гонорарымыз 200-ден 300-ге дейін.
- Қазақ рэпін орындаушыда қандай қасиеттер болуы керек?
- Менің өз қарамағымдағы ms-лерге қоятын талабым, біріншіден - өз мәтіндеріне диалект сөздерді қоспаулары керек. Жалпыға ортақ қазақ тілін қолданыңдар деп айтамын. Қазақ ms-і бәріне ортақ тілде сөйлеуі керек. Батыс пен оңтүстіктің рэпперлері өз дилактерін көп қолданады. Сосын, рэппер саясаттан, діннен аулақ болуы керек. Еңбекқорлық керек. Өзім мерзімді баспасөзді үзбей оқимын. Бірнеше жыл бұрын қазақ рэперлерінде фольклор мен ауыз әдебиетінен алынған тұрақты жолдарды қолдану әдетке айналған-ды. "Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты", "Қобыландыдай шауып келемін" деген сияқты. Мен өзімнің жанымдағы жігіттерге қазақ газеттерін жиі оқып, публицистикалық тілді тануға кеңес беріп отырамын. Ол мәдени, әдеби тіл. Екіншіден бәріне түсінікті тіл.

Шарықтау

-Рэппердің шарықтау жасы межеленген бе?
-Қазір жасым 25-те. Қанша уақыт рэппен айналысатынымды айта алмаймын. Тастауға тырыстым. Бірақ бұл ауру сияқты. Қолым босай қалса, телефонға жаза бастаймын. Орындаушы кезім қызығырақ еді. Әндер жазу, клип шығару, концерттерге бару дегендей, дамыл таппайтын едік. Қазір продюсерлік орталықтың қызметін жүргізу, яғни кеңседе отыру - басқаша екен. Қиындықтары бар.
-Жас орындаушылар "жарыққа" қалай шығады?
- Біз жыл сайын хип-хоп баттл (сайыс) ұйымдастырып тұрамыз. Қазір жетінші сезоны өтіп жатыр. Сол жерде ерекше көзге түскен ms-лерді өзіміздің қатарымызға шақырамыз. Жыл сайын баттлға 600-700 адамдай қатысады. Ол жарты жылға созылады. Көзге түскен орындаушыларға өзімізге қосылуға ұсыныс жасаймыз. Қазір қатарымызда 12 мс бар.
- "Аш қазақ" ол кәдімгі бір аш қазаққа қатысты атау ма?
- Біз алғашқыда Ақтаудың және Шымкенттің жігіттері қосылып ашқанбыз. Содан кейін басқа дәстүрлер қалыптасты. 30-сәуір Қазақ рэпінің күні. 2008-жылы "Қазақ рэпінің ханы" атты альбомын сол күні шыққан болатын. Бұл қазақ рэпі тарихындағы тұңғыш альбом. Енді жыл сайын осы күні Алматыда үлкен концерт өткіземіз.

Сұхбаттасқан - Жұбан Нысан

"АйнаLife" журналы: http://www.ainalife.kz/news/material/63