Концерт, букинг, пресса: + 7 775 646 72 06; Вконтакте Facebook Twitter Instagram TikTok shyngysofficial@gmail.com

ШYNGYS

Биография Видео Аудио Фото Пресса Дискография Текст Хан Хикаяты Толғаныс

Биография


Шыңғыс «ШYNGYS» Әлкеев – 1987 жылы 8 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында өсті. Кішкентай кезінен өнерге жақын болды, балабақшада, мектеп қабырғасында ән шырқап жұрттың көзайымы болып өскен. Мектеп уақыттарында «Жігіт сұлтаны», «21 ғасыр көшбасшысы» сынды көптеген байқауларға қатысып жүлделі орындар иесі болған екен. Жастайынан Шыңғыс кітап оқуға қатты құмар болып жазушы болуды армандайтын. Тіпті төртінші сынып оқып жүргенінде кішігірім әңгіме, ертегілер, хикаялар жазатын еді. Өкінішке орай осы уақытқа дейін әлгі шығармалардың ешқайсысы сақталмапты. Сөйтіп тоғызыншы сыныпта оқып жүргенінде Іңкәрбек атты «қазақ тілі» пәнінің мұғалімі үй жұмысы ретінде Отан жайлы өлең жазып келуді тапсырады. Ертеңіне мұғалім Шыңғыстың үш шумақтан тұратын өлеңін оқып қатты тамсанып «сыныптың ең жақсы өлеңі» деп мақтайды. Осылай Шыңғыстың ақындық өнері ашылады. Өлеңдері Шымкенттік облыстық басылымдарға шыға бастайды. Осы уақытта орыс рэпі дүркіреп дами бастап көкжиектен ДеЦл, ШеFF, Лигалайз секілді рэперлер көрінді, яғни «Bad B. Альянс» дәуірі басталды. Осы дәуірде Шыңғыс рэпке ғашық болды. Осы рэперлердің барлық кассеталарын базар аралап іздеп, тапсырыс беріп айлап-жылдап күтіп сатып алушы еді. Ата-анасының «жолға, тамаққа» деп берген азын-аулақ ақшасын жинап аталмыш рэперлердің кассеталарын, постерларын сатып алатын. Ол кезде нағыз рэпер болу үшін рэп айту аз еді. Нағыз «тру» рэпер брейк-дэнс биін билей алу керек болатын.

Сондықтан Шыңғыс брейк-дэнспен айналыса бастайды. Сонымен 2004 жыл – Шыңғыс мектепті бітіріп Алматыға жоғарғы оқу орнына түседі. Сөйтіп Бауыржан Sarmakham’мен бір сабақта танысады. Кейінірек мұғалім Шыңғыс пен Бауыржан екеуіне ортақ үй жұмысын береді. Екеуі үй жұмысын видео ретінде дайындап нәтижесінде пәннен жоғарғы баға алады. Осылай екеуінің достығы басталады. Сосын Бауыржан Шыңғысты сыныптасы – Жанатпен таныстырады. Жанат деген сол кездері «JAN» деген есіммен Ақтау қаласынының рэп тыңдармандарының арасынада танымал еді. Осы JAN’ның ықпалымен Шыңғыс алғашқы рет рэп оқып көреді де, рэпке бұрынғыданда қатты қызыға кетеді. Міне осылай Шыңғыс, Бауыржан, Жанат үшеуі Шыңғыстың пәтерінде кішігірім дыбыс жазу студиясын ашып рэп әлеміне «гүмп» етіп кіріп кетеді. Алайда студияның да, бірлестіктің де атауы болмады. Осылай ұлы «ASH ҚаZаҚ Pro» лейблінің алғашқы кірпіші қаланған болатын. Рэп оқып жүрседе Шыңғыс өлең жазуды доғармайды. Сөйтіп 2005 жылы оның «Оқушы дәптерінен...» атты жыр-жинақ кітабы жарық көреді.

2006 жыл. Бауыржан мен Шыңғыс Жанаттың кішкентай әуесқойлық видеокамерасымен «Қастыққа айналған Достық» атты фильмін түсіреді. Осы фильммен «Дидар», «Шәкен жұлдыздары», «Шабыт» сынды фестивальдарға қатысып «Ең үздік сценарий» және «Ең үздік музыкалық сүйемелдеу» деген жұлделерге ие болады. Осылай Бауыржанның режиссерлық өнері, ал Шыңғыстың сценаристік өнері ашылады.

2007 жылдың аяғында Шыңғыс аты шулы «Қазақ Рэпінің Ханы» альбомын жазуға кіріседі. Бұл альбомға сол кездегі беделді деген Қазақстандық рэперлер қатысқан болатын. Сөйтіп 2008 жылдың 30 сәуірінде «Қазақ Рэпінің Ханы» альбомы жарық көріп Алматы қаласының бір түнгі клубында тұсаукесері өтеді. «Қазақ Рэпінің Ханы» альбомы алғашқы қазақтілді рэп-альбом болғандықтан қазақ рэпінде үлкен революция жасады. Осы альбомнан бастап қазіргі қазақ рэпі пайда болды. Альбомның аз ғана уақыт ішінде сатылып таусылып кетуі Шыңғысқа үлкен рух берді. Қазіргі таңдағы Қазақ рэперлерінің бәрі дерлік Шыңғыстың әндерінің ықпалымен өсті, тәрбиеленді.

Қазіргі таңда Шыңғыс - Қазақстан Хип-Хопындағы ең беделді әрі ең сәтті артисттердің бірі, продюсер. Қазақ рэпіндегі ең көп сұранысқа ие әрі ең көп гастрольдік сапарларға шығатын орындаушы. Тұңғыш ресми қазақ тілді хип-хоп альбомын шығарған. Қазақ рэпінің негізін қалаушы, сондықтан жұрт оны «Қазақ Рэпінің Ханы» деп атайды. Қазақ рэпіндегі алғашқы әрі ең үлкен Ресми Қазақ Хип-Хоп баттлының ұйымдастырушысы. Қазақ рэпін жалпыхалықтық өнерге айналдырған тұлға. Әйгілі, дүйім жұртты талай дүрліктірген «ASH ҚаZаҚ Pro» лейблінің негізін қалаушылардың бірі болған. Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Ресейдің, Украина, Беларусь сынды елдердің танымал беделді өнер иелерімен жұмыс жасасқан тұлға. Әрбір альбомымен қазақ рэпін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, сонымен қатар тыңдарманның талғамдық деңгейін де өсіріп отырады. Терең философиялық мәнді әндері мен өткір әрі тапқыр мәтінді рэпрезенттері үшін тыңдарманның сүйіктісіне айналған. Тек рэппен ғана шектелмей кейде өзінің жағымды коңыр дауысымен вокалдық әндері әмбені бейжәй қалдырмады. Жүздеген хит-әндері еліміздің әр түкпірінде таныс. Шыңғыс – қазақ рэпінің әлемдік деңгейде жасалына алатындығының айқын дәлелі. Қазіргі таңда Шыңғыс "Джихангер Music" шығармашылық бірлестігінде қарқынды жұмыс жасауда.