Концерт, букинг, пресса: + 7 775 646 72 06; Вконтакте Facebook Twitter Instagram TikTok shyngysofficial@gmail.com

ШYNGYS

Биография Видео Аудио Фото Пресса Дискография Текст Хан Хикаяты Толғаныс

"Халық сөзі" газеті, ШYNGYS "РЭПКЕ БҰЗАҚЫЛЫҚ ЖАРАСАДЫ"


– Креативті өнер жәрмеңкесіне шақырылыпсыз. Сірә, сондай өнердің өкілі болғандықтан шығар. Өзіңіз креативтілік дегенді қалай түсінесіз?
– Шынымды айтсам, бұл сөздің шын мағынасын осы жерге келіп, Нұрлан Төрехановтың «Джокондасын» көргенде бір-ақ түсіндім.
– Батыстан не келсе де, зиянды деген стереотип бар. Ал рэптен біз қандай пайда көреміз?
– Уақыт сұранысынан қашып құтыла алмаймыз. Ең бастысы тіл деп білем. Тіл сақталса, ел де сақталады. Сондықтан рэп қазақ тілінің тұмары болса деймін.
– Рэпке қалай келдіңіз?
– Децл, Шеff пайда болған кезде рэпке көңілім ауды. Ол кезде қоғамдық орында қазақша сөйлеудің өзі «ұят» болатын. Қазақ тілін сәнді тілге айналдырғым келді. Басында келіспейтіндер болды, «Қой қайыратын тілмен рэпті бүлдірме» деп, талай адам айтқан. Хат та жазған. Құдайға шүкір, қазір тыңдарманымыз бар. Аптасына кемінде үш рет концерт береміз.
– Рэптің өзі көше өнері. Оның табиғатындағы агрессияны сіз қалай қабылдадыңыз?

– Өзім агрессивті адам емеспін. Бес-алты трек осындай стильде жазылды. Бірақ негізгі ұстанған бағытым – лирика және әлеуметтік тректер.
– «Дала исламын арабтікімен шатастырма!» дейсіз, «Сәнге айналдырмай, қорламаңдар сенімді!» дейсіз...
– Қазір кейбір бауырларымыз мұсылман болу араб болу екен деп, қысқа шалбар киіп, сақал өсіріп, жағымсыз кейіпке еніп жатыр. Олар өмір емес, өлім үшін күнелтеді. Осы менің зығырданымды қайнатады. Бір жыл бұрын Орталық мешіттің маңында бір кісі уағыз айтты. «Қазір нәпсілеріңді тиыңдар, Құран аударып, намаз оқыңдар, мен сияқты мұсылман болыңдар, о дүниеге барғанда Алла сендерге 70 хор қызын береді», – деді. Мен сұраймын, «Егер әйел адам тақуа болса, оған да о дүниеде 70 еркек бере ме?». «Жоқ, Құдай сақтасын. Сенің әйелің сол 70 қыздың ішінде жүреді. Жұмақта шараптан өзен ағып тұрады», – дейді. Мен мұны түсінбеймін. Адамды осындай дүниелермен қызықтырудың өзі этикаға жатпайтын сияқты. «Бұл дүниеде тақуа болсаң, уақытша ғана, о дүниеде күнәға белшеңнен батсаң да, өзің білесің» деген сияқты естілді. Менің сыныптастарым, достарымның кейбірі діндар болып кеткені сондай, теледидар көрмей, суретке түспейтін болды. Хиджапты қазақтың ұлттық киімі ретінде таныстырғысы келетіндер бар. Бұл көпе-көрінеу алдау. Сондайды көріп ішім ашиды. Бастысы сыртқы келбетті өзгерту емес. Құранды жаттап алып, түсінбестен зырылдата берсе, ол Аллаға да жағымсыз, адамға да пайдасы аз. Ал адам ана тілінде жалбарынса, тілегі шын жүректен шығады. Қазақ қазақтығын қалай да сақтауы керек. Мысалы, Түркияда азанды түрік тілінде шақырады екен.
– «Уағызың өзіңе» дей тұра, азан шақырған дауысты пайдаланыпсыз. Сізге наразылық білдіретіндер де бар шығар?
– Әрине, «Сен кәпірсің, жастарды бүлдіріп жатырсың», – дейді. «Алла жазалайды сені», – дейді. Олармен сөз таластыру мүмкін емес. Мен дінге қарсы емеспін ғой, қазақты бөлшектеуге қарсымын. Қазақстанда рэп қалай дамып жатыр? «Мен сені сүйем, сен мені тастап кеттің», немесе «Мен күштімін, сен сорлысың» деген ғана бар. Әлеуметтік тректер жоқтың-қасы. Ал қоғамда жастарды мазалайтын сұрақтар көп. Бір апта бұрын «Ближний бой» деген киноны жүктеп алып қарадым. Боло Янг қазақты ойнайды, күн ыстық, үстіне қалың шапан, басына бөрік киіп отыр. Маған осындай, қазақы «атрибуттарды» көрінген жерге тықпалай беру ұнамайды. Бұл күлкілі көрінбей ме?!
– Рэп – негізгі кәсіп пе?
– Кәсіп деуге келмейді, бұл дерт сияқты. Қанша тастағым келді, қолымнан келмеді. Хобби дейін десем, хоббиге қарағанда маңыздырақ. «АШ Қазақ Про» продюсерлік орталығын құрдық, дыбыс жазатын, бейнеклип түсіретін студиямыз бар.
– Неге «АШ Қазақ»?
– Алматы, Ақтау, Шымкент.
– Өз мамандығыңыз бойынша жұмыс істемедіңіз бе?
– Өзім КИМЭП-ті бітірдім. Халықаралық қатынастар мен жергілікті және мемлекеттік басқару мамандықтарын оқығанмын. Жұмыс істедім, бірақ жалығып, шығып кеттім. Күзде қайтадан мемлекеттік жұмысқа «жегілетін» сияқтымын, әкемнің қалауымен (күледі).
– Рэптегі тәкаппарлық – қазақтың табиғатына жат сияқты ма, қалай?
– Қазаққа да, мұсылманға да тәкаппарлық жараспайды деп жатады. Рэпте бұл қалыпты жағдай. Сәл шектен шығып кетсе, сәл бұзақылау болса, шындықты әдептің нормаларын аттап болса да, шыжғырып айтса – рэперге жарасады. Ол менің емес, жанрдың мінезі.
– Сіздің сахнадағы образыңыз бен өмірдегі образыңыз бірдей емес пе?
– Жоқ. Кейде тыңдармандар мені көшеден көріп, танып қалады. Тілдесе келе, «сені басқаша елестетіп едік» деп жатады. Өмірде мен қарапайым, ашық-жарқын, күліп жүретін адаммын. Ал клиптерде, фотосессияларда қаһарлы болып, қабағымды түйіп, «образға кіруге» тура келеді (күледі).
– Мәтін жазу үшін ақындық қасиет керек...
– Мектеп кезімде «Оқушы дәптерінен» деген кітапшам да шыққан. Қазір өлең өтімді емес пе деймін. Ал рэп арқылы кең аудиторияға ойыңды жеткізе аласың.
– Сіздің кейбір, мысалы, «Тек сені сүйемін, сен үшін өлемін» деген сияқты тым қарабайыр сөз тіркестеріңізді қалай түсінуге болады?
– О баста мен шамам келгенше күрделі мәтіндер жазатынмын. Қазақ руханиятынан хабары бар адамдар ғана түсінетін дүниелер болды. Уақыт өте, әдейі қарапайым жазатын болдым. Шоу-бизнестің негізгі ұстыны осы болып тұр. Бірақ мен шамам келгенше, күрделі ойларды жеңіл сөздермен жеткізуге тырысамын. Қазір жаңа стильге бет бұрып жатырмын, «стори тэйлинг», «хикаят айту» – яғни көріп отырған дүниеңді сол уақытында қағазға түсіріп отыру.
– Мәтінді әдемі музыкаға салу да бір өнер ғой. Сазды қайдан аласыз?
– Студияда екі битмейкеріміз бар. Басқалардан да сатып аламыз. Мен тапсырыс бермеймін, әкелген дүниелерінен таңдап алып, соған сәйкес мәтін жазамын.
– Қаланың баласына қазақша рэп айту, оны түсінетін адамдарды табу қиын болмады ма?
– Біздің студиядағы жігіттердің бірде-бірі қазақша білмейтін. «Нан»-нан басқа сөзді мен үйреттім. Басында «ешкім тыңдамайды сендерді» деп мұрнын шүйіргендер болды. Біз жаза бердік, жаза бердік. Қазір шүкір, альбом сатылып жатыр. Кеше ғана Өскеменде болдық, 800 кісі жиналды. Алматыда тіпті залда орын табылмай қалған. Маусымның 11-і Алматыда, 18-і Есікте, 26-сы Қарағандыда, шілде айында Шымкентке, тамыз айынды Қытай мен Баян Өлгийге шақырып жатыр.
– Концерттеріңіз клубта өте ме?
– Соңғы кезде клубтардан бас тарттық. Өйткені онда көбі алкоголь үшін және билеп кету үшін келеді. Мәдениет үйіне тек сені тыңдауға келеді. Тойларға да бармаймыз. Ел тамақ жеп отырғанда, «Йоу! Бәріңді сындырам!» деп тұрсаң, ұят енді (күледі).
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

"Халық сөзі" газетінен: http://halyksozi.kz/news/view/id/512