Концерт, букинг, пресса: + 7 775 646 72 06; Вконтакте Facebook Twitter Instagram TikTok shyngysofficial@gmail.com

ШYNGYS

Биография Видео Аудио Фото Пресса Дискография Текст Хан Хикаяты Толғаныс

"Жұлдызбен сырласу" журналына ШYNGYS'пен сұхбаты


«Жұлдызбен сырласу» журналы, Шыңғыс: «Қазақ рэпінің ханы – Менмін!»

- Шыңғыс, өзің қазақша рэп айтуды қай кезден бастадың? Және, дәп осы бағытта ән айтуыңа не түрткі болды?
Қазақша рэп айтуды студенттік кезден бастадым. Өзім өнерге кішкентай кезімнен құмар болдым. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде өз ортамда жазбаша ақын атанып, облыстық газеттерге өлеңдерім жарияланып, «Оқушы дәптерімнен» атты өзімнің жеке жыр-жинағым да жарыққа шыққан болатын. Ал, мектеп бітірген соң, Алматыға оқуға келгенімде Ақтаудың жігіттерімен таныстым. Олар менің өлең жазатын қабілетімді білген соң: «Өзіңнің шығарған әндеріңді микрофон алдында оқып көрсеңші» - деп ұсыныс айтты. Мен өлеңдерімді микрофонмен бір рет айтып көрген едім, мұным өзіме ұнап қалды. Ол кезде ҚМЭБИ-дегі оқыған ортам орысшалау болды. Олар үшін қазақша сөйлеу сәнді емес болатын. Бәрі орысша, ағылшынша рэптерді ұйып тыңдап, ал қазақша рэпті тіпті менсінбейтін де. Сосын, бастапқыда қазақша рэп айтуды жәй қызығушылықтан бастап жүрген мен, кейін онымен кәсіби түрде айналысуды жөн көрдім.
- Ата-анаң бүған қарсылық білдірмеді ме?
Әрине, әу баста ата-анам қатты қарсы болды. Екеуі: «Мынау не деген түсініксіз әндер? Қане, тастайтын бол!» - деп, мені бұл өнерден айныту үшін әбден әбігерге түсті. Бірақ, қазіргі таңда ата-анам бір кездегі теріс пікірлерінен арылып, менің жай әншейін сахнада жүгіріп жүрмей, өз күнімді өзім көре алатын таза еңбегіме көз жеткізді.
- Ал, рэп жанрымен тыңдармандарға өзіңді мойындату қаншалықты қиынға соқты?
Басында барлығы түсінбей: «Мынау не деген масқара?»- деп теріс қарады. Үлкен кісілер: «Сендер қазақ тілін қара нәсілділердің музыкасымен ластап жатырсыңдар» - деп қарсы шықты. Айналамдағылар: «Қазақша рэп айтып не керегі бар? Қазақша рэп айту түкте сәнді емес қой...» - деп намысыма тиді.
Ал, орыстілді бауырларымыз: «Қазақ тілі рэпке арналмаған тіл. Қазақ тілі - қой қайтарудың тілі» - деп мазақ қылды. Бірақ мен ешқайсысының айтқанына құлақ түрмей, рэп айтуды жалғастыра бердім. Себебі, мен рэп арқылы жаман нәрсені насихаттап жүргенім жоқ. Мұндағы менің басты мақсатым - күрделі болмаса да, өзімізге ыңғайлы әуенмен ыңылдап, өз ана тіліміздегі әндерді көбейтіп жарыққа шығарып, қазақ тілінің мерейін үстем ету. Бүгінде бұл мақсатым жүзеге асып келе жатқан секілді. Себебі, тыңдармандарымның саны күннен күнге өсіп келеді. Әрі еліміздің түкпір-түкпірінен концертіме жиі сұраныс түседі. Тіпті, кейбір өңірлерде гастрольдік сапарда жүргенімде менің әндерімді айтып жүрген жас балаларды да көрдім. Міне, мен үшін осының өзі - үлкен жетістік.
- Естуімше, қай өңірге барсаң да, өзіңді «Қазақ рэпінің ханымын!»-деп жариялап, атой салып жүреді екенсің. Бүл әдейі тірлік пе, әлде мақтану ма?
(Күлді). Негізі, менің тұңғыш ән жинағымның аты осылай, «Қазақ рэпінің ханы» деп аталады. Бұған байланысты жігіттермен ақылдасып отырғанымда, кенеттен осы сөйлем ауызыма түсіп, әзілдеп атай салған едім. Кейін, жеке ән жинағым жарыққа шыққан соң, барлығы дүрлігіп: «Сен - Қазақ рэпінің ханы емессің!» - деп ақырындап та, қатты айтқандары да болды. Сөйтіп осындай шу шығарған бұл атау өзіме ұнап қалды да, мен оның авторлық құқығын өзімнің атыма тіркетіп алдым.
- Сенің бұл қылығыңа өзге өңірдегі рэпперлер ашуланбады ма?
Әрине, менің бұлай атой салуым оларға ұнаған жоқ. Тіпті, өзге өңірдегі рэпперлер маған қарымта жауап ретінде ән жазып, талай уақытңа дейін мені балағаттап жүрді. Бірақ, олардың менің өнеріме зиянынан гөрі, пайдасы көп болды. Себебі, менің атымды тегін жарнамалап жүргендерін өздері байқамай, өз өңірлерінде маған кішігірім танымалдық әперді (жымиып). Мен өз тарапымнан оларды қазақ рэпінің алға қарай ілгерілеуі үшін бірігуге шақырғанмын. Бірақ, әрқайсысында көкіректік пен тәкаппарлық мінез бар. Сол себепті, олар біріккісі келмеді. Қазіргі күні елімізде рэпперлер сіз ойлағаннан да өте көп. Бірақ, барлығы тек өз орталарында ғана танымал. Олардың меншігінде мендегі сияқты медиа ресурс жоқтың ңасы. Сол себепті, олар менімен бәсекелесуге шыдамайды. Сөздің шыны керек, маған дейін қазақ рэпінің жағдайы тым нашар болатын. Жағымсыз дауыспен адам тыңдауға ұялатын рэпті айтатындар өздерін жұлдыз санайтын. Мен бұл туралы өзімнің бір өлеңімде: «Маған дейін қазақ рэпі болушы еді мал қора!» - деп айтамын деп, еліміздегі бүкіл рэпперлердің тағы бір мәрте ашу-ызасын келтірген жайым бар (күліп). Бірақ, басқалар не десе, о десін, бүгінде мен өзімді қазақ рэп өнерінің тарихында үлкен революция жасаған, оған жаңа үрдіс алып келген рэппердің бірегейімін деп есептеймін.
- Өміріңе қауіп төндіріп, қорқытқандары болды ма?
Өте көп болды. Қазірдің өзінде: «Атып кетеміз. Қырамыз, жоямыз» - деп хат жазып, қоңырау шалып жатады. Бастапңыда, мұның бәрін «Абайлап жүруім керек екен...»- деп ңорңа ңабылдайтынмын. Тіпті, қорғану маңсатында қалтама суың қару салып жүрген кезім де болды. Бірақ, қазір оның барлығы жайына қалды. «Сені бүйтемін, сүйтемін» - деп хабарласатындарға «Ой рахмет! Көп жаса!»-деп тұтқаны қоя саламын. Өйткені, олардың құр сөзбен қуырдақ қуырғаны болмаса, ешқайсысы алдыма бетпе бет келген жоқ.
- Өзің негізін қалаған продюсерлік орталығыңның атауы қызық екен. «Аш Қазақ Про» деген сөз қандай мағына береді?
(Күлді). Көбісі мұны «қарны аш қазақ» деп түсінеді екен. Бірақ, олай емес. Басында, Ақтау мен Шымкенттің жігіттері бірігіп, өнер орталығын құрған болатынбыз. Сол себепті, туған қалаларымыздың бастапқы әріптерінен орталықтың атын құрастыруды жөн көрдік. Студенттік кезде бір топ жігіттер «Аш Қазақ Про» деп кино түсіріп, «Шәкен жұлдыздары», «Шабыт», «Дидар» сынды үлкен фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарды иеленгенбіз. Кейін, кино түсіруден жалығып кеттікте, рэп айтуға көшіп, студияның жұмысын жолға қойдық. Бұл студияны құрудың өзі бір қызық жәйттарға толы болды. Мысалы, бір диванды алу үшін біз жарты жыл ақша жинағанбыз. Жақсы тамақ ішпей, ешқайда қыдырмай, студияға жанымызды салып, біраз тер төктік. Бірақ, бүгінде ол еңбегіміз (студияға салған қаражатымыз) өзін ақтап жатыр. Қазіргі таңда орталықтың ауқымы кеңейіп, қазақ рэпін насихаттау мақсатында көптеген іс-шаралар атқарудамыз.
Мен мұнда арт-директор қызметін атқарамын. Менімен бірге мүнда есімдері елге танымал Смитти, Максимум, Рига есімді рэпперлер еңбек етеді.
- Жалпы саны ән қоржыныңда неше ән және бейнебаян бар?
Ән қоржынымда 13 жеке ән-жинағым мен жиырма шақты бейнебаяным бар. Негізі, мен бейнебаянымды үлкен аудиторияға арнап емес, тек ғаламтордағы тыңдармандарым үшін ғана түсіремін. Бірақ, әлгі бейнебаяндарымды облыстыңтелеарналар менің рұқсатымсыз ғаламтордан жүктеп алып, күні-түні көрсетіп жатады екен (жымиып). Сондықтан, соңғы түсірген бейнебаянымды «ХитТВ» телернасына бердім. Мұндағы себеп, рэп – балалардың тірлігі, бұл сөздің астарында төбелес, одан қалса ішімдік жүреді деп ойлайтындардың пікірін өзгертіп, рэптің де басқа музыкалық бағыттар сияқты таза өнер екенін көрсеткім келді.
- Ал, өзің салауатты өмір салтын ұстанасың ба?
Иә, спортпен шұғылданамын. Жаман әдеттерге әуесім жоқ.
- Көбінде рэпті қай тақырыпта жазасың?
Әу баста, рэп айтуды енді бастаған кезімде, «Мен - кереметпін. Мен - әдемімін. Қыздардың барлығы маған ғашық. Ал сендердің жігіттерің онша емес!» - деген сөздері бар рэп жазғанмын (жымиып). Қазір сол кездегі әндерімді тыңдасам, қатты ұяламын. «Не деген сұмдық мынау? Адамдар мұны қалай тыңдаған екен?» деп, өзге түгілі, өзім таң қаламын. Ал, кейін есейген соң өмір жайлы мән-мағынасы терең әндер жаза бастадым. Көбінде, елімізде шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік мәселелер мен дін жайлы трэктер жазып жүрмін.
- Әуенін өзің шығарасың ба?
Жоқ, әуенін студиядағы әрлеуші жігіттер жазады. Бірақ, көбінде әндерді неміс композиторларынан ғаламтор арқылы сатып аламын. Минусовка жасайтын шетелдік музыканттар өздерінің жеке сайттарына әндерін шығарып, бағаларын жазып қояды. Содан, өзіме ұнағанын тапсырыс арқылы алдыртамын.
- Рэптен басқа тағы қандай бағытта ән тыңдаған ұнайды?
-Классикалың әндерді тыңдағанды ұнатамын. Әсіресе, саксафонмен айтылатын әндерді сүйіп тыңдаймын.
- Эстрадалық әндерді ше?
Эстрадалың әндерді мүлде тыңдамаймын. Өзім эстрадаға құмарта бермеймін. Бірақ, Ерлан Орынбасаров, Ерболат Құдайбергенов, Алмас Кішкенбаев және «Метис» тобы секілді эстрада әншілерімен бірігіп ән айтқанмын.
- Сырт көзге түрің қаһарлы екен, Өмірде де мінезің осындай ма ?
(Күлді). Сырт көзге қаһарлы болып көрінетінім рас. Бірақ, өмірде ашық жарқын адаммын. Үнемі күліп жүргенді ұнатамын. Кейде тым аңкөңіл болып кетемін. Сондай-ақ, аңқаудың аңқауымын (жымиып).
- Сүйіктің бар ма?
Қазіргі таңда сүйіктім жоқ. Әрине, көңілімді білдіріп жүрген қыздар жоқ емес, баршылық. Бірақ, олармен арадағы байланысты үлкен қарым-қатынас деп қабылдамаймын.
- Сөз соңында, өзіңнің отбасыңды оқырмандарға таныстыра отырсаң?
Мен 1987 жылы 8-мамырда Алматы қаласында туылғанмын. Кейіннен, ата-анамның жұмыс бабымен Шымкент ңаласына көшіп кеттік. Әкемнің есімі - Нартай. Заңгер болып қызмет етеді. Анамның есімі - Гүлзағира. Ол кісі жоғарғы оқу орнында оқытушы болып жұмыс істейді. Анам - философия ғылымдарының кандидаты. Отбасымда өзімнен екі жас кіші Мұса есімді інім бар. Ол заң қызметкері. Ал, өзім Шымкент қаласындағы «Дарын» мектебін бітірген соң, Алматыға келіп, ҚМЭБИ-дің халықаралың ңатынастар
мен мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару атты екі мамандықты бірдей оқытатын факультетке оқуға түстім. Бірақ, бүгінде өз мамандығыммен жұмыс істеп жатқаным жоқ. Алматыда өзімнің жеке дыбыс жазу студиям бар. Сонда жұмыс істеймін, және жеке кәсіпкерлікпен айналысамын.
- Бос уақытыңды қалай өткізесің?
Бос уақытымда телехикаялар көргенді ұнатамын, газеттер оқимын.
- Оқырмандарға айтар тілегің...?
Баршаңызға мықты денсаулық пен амандық тілеймін! Ал, сіздердің қазақ рэпіне үлкен жанашырлық танытқандарыңыз үшін ерекше алғысымды білдіріп, журналдарыңыздың ғұмыры ұзағынан болсын дегім келеді!

Сұхбаттасқан: Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
№ 9, 05/2012 жыл.