Концерт, букинг, пресса: + 7 775 646 72 06; Вконтакте Facebook Twitter Instagram TikTok shyngysofficial@gmail.com

ШYNGYS

Биография Видео Аудио Фото Пресса Дискография Текст Хан Хикаяты Толғаныс

«STARS.KZ» журналына ШYNGYS'пен сұхбаты


- Қазақ өнерінің бағын рэп бағытындағы әндермен түрлендіріп жүрген жансыз. Шығармашылық жаңалықтарыңыз...
Әзірге жаңалықтарымыз көп емес. Қонцерттерге қатысып, жаңа әндер жаздырудамыз. Он төртінші ақпанда «Теңгемейкерс» атты әнжинағымыз жарық көрді. «Қош енді, жаным» әніне бейнебаян түсіріп, отандық телеарналардан айналдыруды жоспарлап отырмыз.
- Шоу бизнестегі рэптің деңгейі ңандай?
Біз жасап жүрген қазақша рэп шоу бизнесіне де, той бизнесіне де жатпайды. Өз алдына бөлек әлем. Үлкен кісілер рэптің қазақ тыңдарманына қажет еместігін айтып жатады. Тіпті, аудитория жинай алмайтынымызды жеткізгендер де бар. Алайда, біздің ұйымдастырған концерттер бұл пікірлерді жоққа шығарды. Қазақстанның қай қаласына барсақ та жеті жүз-сегіз жүз көрермен жиылады. Эстрадада жүрген кей апа-ағаларымыз кішігірім қалаларда жүз адамды да жинай алмай жатады. Ешбір жарнамасыз, ротациясыз біршама тыңдарман табамыз. Қазақ рэпін көп адам байсалдылығы төмен өнер түріне жатқызады. Осы пікірді жою үшін тынымсыз еңбектенудеміз. Өз тарапымнан «Қазақ Рэпінің Ханы» және «Қазақ Рэпінің Ханы 2» деген әнжинақты жарыққа шығардым. Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар Сәкен Майғазиев, Алмас Кішкенбаев, Ерлан Орынбасаров, Ерболат Құдайбергенов сияқты әншілермен дуэт жаздырып, өнердің бұл түрі бізге керек екенін дәлелдеп жүрмін. Осы еңбегімді отандық телеарналар өздерінің бағдарламаларына шақырып жатыр. Бұл мен үшін жеңістің бір қадамы іспетті.
- Сіздер тізгіндеп жүрген бұл саланың шығу тарихы туралы бірер сөз...
Рэптің төркіні афро-американдықтардың тарихымен тығыз байланысты.
Қоғамдағы орны жайындағы келеңсіздіктерге қарсы пікірлерін негрлер осы рэп арқылы жеткізіп отырған. Оларды қоғамдық көліктерге мінгізбеу, мейрамханаларға кіргізбеу, кемсіту сияқты мәселелер рэптің ел арасына тез тарауын туындатты. Келе-келе батыс елдерінде бизнес түріне айналды. Болашақта біз де рэпті бизнес түріне айналдырамыз деген мақсат бар.
- Бізде рэптің қазақ айтысынан бастау алғанын айтып, әзілдейтіндер көп. Бұған не дейсіз?
Бұл пікір қате. Қазақтың айтысы мен батыстың рэпі екі бөлек дүние.
Әрқайсысының өзіндік тарихы, талаптары бар. Айтыс ақындардың көркем өрнектелген өлең сөздерін қажет етеді. Ал, рэпте әдеби тілге көңіл бөлінбейді. Қарапайым сөздермен музыканың ырғағына түссе болды. Біршама ішкі ережелері де бар. Алайда айтыс пен рэпті байланыстыруға ешқандай негіз жоқ.
- Халқының көзайымына айналған белгілі айтыскер Ринат Зайытовтың рэп орындап жүргеніне қандай баға берер едіңіз?
Ринат ағамыздың жақсы айтыскер екеніне дауым жоқ. Алайда, соңғы уақытта рэп орындап, өзін өзге қырынан танытып жүр. Біз Ринат ағамыздың бұл қадамын құп көрмейміз. Өйткені, рэптің өзіндік шарттары, ережелері болады. Олардың ешқайсысына мойын бұрмай, түсініксіз рэпті дәріптеп жүр. Онысымен қоймай, әуеннің ырғағына мүлде түсе алмайды. Біз қанша уақыттан бері өнердің бұл түрін тереңінен зерттеп, халыққа түпкі нұсқасын танытуды көздеп жүрміз. Қарапайым халық ұға қоймаса да, біз Ринат ағамыздың репертуарындағы рэптің орындалуы тұнып тұрған қате екенін айта аламыз.

№3, 2012 жыл.