Концерт, букинг, пресса: + 7 775 646 72 06; Вконтакте Facebook Twitter Instagram TikTok shyngysofficial@gmail.com

ШYNGYS

Биография Видео Аудио Фото Пресса Дискография Текст Хан Хикаяты Толғаныс

РЕЦЕНЗИЯ: "Жеңілген Жауынгер" альбомы


РЕЦЕНЗИЯ: "Жеңілген Жауынгер" альбомы

Бұл Шыңғыстың қай «жеңілісі»?

Рэп қазақ үшін кірме, тың жанр деп танимыз. Алайда оны бақсылардың жырымен ұштастырып, қазақтың қанында бар өнер деп бағалайтындар да табылады. Логикаға сүйенер болсақ, бақсылар іс-қимылы мен дауыс ырғақтарында қазіргі рэперлермен ұқсастық бар секілді. Қанша сәйкестік пен ұқсастық тауып жатсақ та,қазіргі рэп қазаққа шеттен келген. Кірме өнер болса да, өгейсітпей ортамызға сіңістіріп жүргендер – жастар, менің, сіздің замандастарымыз.

Көш бастау қиын емес,
Қонатын жерде су бар.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерде жау бар.
Шаршы топта сөз бастау қиын –
Шешімін таппас дау бар, - деп қазақтың абызы Бұқар жырау айтқандай, сөз өнерін игеру де, игергеніңді орынды қолдана білу жауапкершілікті жүктейді. «ASH ҚaZaҚ Pro» лейблінің әртісі Шыңғыс Әлкеев «Жеңілген жауынгерді» бабамыз артып кеткен жауапкершілікті сезініп шығарды деген үмітпен, альбомды қолға алдық. Бір кездері үмітіміз ақталып, бірде көңіл толмай да жатты.

Қазақ рэпін игерілмеген тың жерге теңеуге болады. Ал «ASH ҚaZaҚ Pro» осы жолда өзінше сүрлеу жол салып келе жатқан студия. Сараланып кеткен жолмен жүру екінің бірінің қолынан келеді, алайда тыңнан түрен салу әркімнің аяқ басар жолы емес. Жігіттердің еңбекқорлығы 5 жыл ішінде 30 альбомды сатылымға, 70 альбомды интернетке шығарғандығынан көрінеді.Студияға басшысы – бүгін талқыланғалы тұрған альбомның иесі Шыңғыс Әлкеев. Рэп тыңдармандары Шыңғыстың кім екендігі, қайда туылғандығы, шығармашылығы жайлы ақпараттарға қанық. Оның жеке өмірбаянына емес, тұсауы кесілген альбомына, яғни шығармашылығына тереңірек тоқталуды жөн көрдік.

Автордың айтуы бойынша аталмыш альбомның шығуына екі жыл уақыт кеткен. Тыңдармандарын сағындырып шыққан альбомдардың бірі екен. Оны Шыңғыстың әлеуеттік желілердегі парақшаларынан да аңғаруға болады. Рэп тыңдармандары өздерінің асыға күткендіктерін, сәтті шыққан жоба екендіктерін білдіріп пікірлер жиі жазылған. «Ж.Ж.» дегенде мен бұл альбомды «Жасанды Жүрек» болады деп ойлағанмын. Джихангер қайтадан ескі жарасы мен жеңілістері туралы жырлайтын шығар деп ойладым. Уақыт өте альбомның шығуын әбден күтуден шаршағанда 8 желтоқсан күні азанмен ұйқыдан тұрып компьютерді қосып «ASH ҚаZаҚ Pro» сайтына кіріп қалғанымда қуанып кеттім! Сары алтын түсті сайтта «ЖЕҢІЛГЕН ЖАУЫНГЕР» Алтынбеков Талғат атты тыңдарман альбомның жарық көруіне деген қуанышын осылай өз Вконтакте желісіндегі парақшасында бөлісіпті. Бұл бір дәлел дейік. Сондай-ақ, альбом интенетке жарияланған уақыттан 3 күн ішінде бір ғана сілтемеден 5936 рет жүктелсе, бір аптада 10938 рет жүктелген.

Шыңғыстың «Жеңілген Жауынгер» альбомы неге осынша тыңдарманды сағындырды, қуанышқа бөледі? Оның альбомы сарыла күткен тыңдарманның үмітін ақтады ма? Шыңғыстың фанаттарын қанаттандырып қойғандығын, өздері шөлдеп жүріп сусындаған жырларын тыңдап марқайғандарын тағы да ғаламтордағы посттардан, пікірлерден аңғаруға болады.
Мен де альбомды бастан-аяқ тыңдап шықтым. Жай ғана тыңдаған жоқпын, әрбір сөзіне мән беріп,астарынан айтар ойын ұғынуға талпындым. Ішін айтпас бұрын қолға түскен альбомның мұқабасы көзді еріксіз өзіне баурап алады екен. Ескі замандағы жараланған қазақ жауынгері және алтын түстес дала. Дизайн лезде Сарыарқа даласындағы жаугершілік заманды көз алдыңа әкеледі. Альбомның сыртына жаттанды өз суреттерін көрсету үйреншікті болып кеткені белгілі. Шыңғыс өз бейнесін жаңаша үлгіде беріп ұтып отыр.

Ішіне үңілейік. Барлығы 42 рэп. Мәтіндердің авторы - Шыңғыс. Тек «Қош енді, жаным» трегінің авторы – Мақсат Төлеуғазинов.

Музыкасын Kajmirbeats («Антидепрессант», «Махабатсыз махаббат»), Chemist («Әлкеев Шыңғыс Нартайұлы», «Не білесің мен жайлы?», «Соңғы вальс»), TheUnbeatables («Жасанды жүрек», «Сырласым», «Қасірет», «Қазақ болсаң»), Highlife beats («Алматы», «Руымыз бөлек болса да»), Ratobeat («Олдскул), JDBeats («Ғаламшарды тербетем», «1001 түн», «Өткеніңе өкінбе», «О дүние», «Шәке», «Мәңгілік үнсіздік», «Жеңілген жауынгер»), Adamack («Жауын», «Қияли қояншық», «Венеция»), Platinum Sellers («Қара жорға», «Қош енді, жаным», «Керемет күн»), Fly Life («Мама», «Сұрақтар»), RedHood Productionz («О, мой ГОД»), Sinima («Тез жалығайын сенен»), Monstah («Монополия»), AudioStarzent («Голгофа»), Sakix («Меланхолик») және Shaghiebeatz, Sindustry, TheThird Productions, Gmoney, Hygrade, Hala-X, HeatUp Beats, Rapitfly Beats, DiamondStyle, Osym Beats & Beats4real жазған.
Музыка сауатты жазылғандығы аңғарылады. Кейбір өлеңдердегі Шыңғыстың күлкісі сәтті рэплика болды деуге лайық.

Альбомды тыңдай отырып автор туындыларының тақырыбын махаббат, өмір мен өлім, қоғамға қатысты деп қарастыруға болады. «Расында мен өз ісімнің адал фанатымын. Рэп менің есірткім, психотерапевтым, демалысым... Күйзелсем де, қуансам да, жыласам да, бұзылсам да, бәрі-бәрі менің рэпімде. Менің рэпім – менің өмірімнің айнасы». Шыңғыстың осы сөздерін алға тарта отырып, оның айнасынан өзін көруге тырыстым. Өз ойым өзімдікі, алып қосарларыңыз, айтар сын, тағар міндеріңіз болса, мархабат!

42 рэптің жартысынан көбі махаббатқа байланысты. Махаббат лирикасына құрылған әндерде қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали айтқан «нағыз сексуализм» басым. Аты белгілі, кейде белгісіз аруға арналған. Біреуге арнады ма, әлде бірнешеуге арнады ма, ол Шыңғыстың өз еншісінде қалсын. Қазақтың ерлеріне серілік қашанда ерсі болмаған. Оны тарихта әлі де аттары алтын әріппен жазылып тұрған Ақан, Біржан, Мұса, Ыбырай сынды сал-серілердің өмір жолдарынан білеміз. Махаббат жайында жазылғандардан тек баянсыз, жауапсыз махаббатты ғана көруге болады. Неге? Бұл сезімдердің иесі Шыңғыстың өз сөзінен жауап іздейік:

Болсада оның болмысы періштедей,
Жалғыздыққа жығып жерледі мені тірідей.
Сенің көздеріңнен оның көздерін көрем,
Мұқтаж болсам да бірақ сенсіз-ақ өмір сүрем.
Осы жолдардан алғашқы шынайы махаббаттан (1) кейінгі өткінші махаббат не бір сәттік сезім (2) иесінің сөздері аңғарылады. Ол ойды мына сөздер бекіте түседі:

1.Төрт жыл өтті. Көздерім жанарыңда,
Алақаным алақаныңда.
Баяу алып құшағыма,
Иіскеймін сені құштарлана.
Сырымды айтамын жауынға,
Жылы самал айналды дауылға
(«Жауын») ЖӘНЕ

2. Түнгі ойлар еліктіріп мені алысқа,
Бақыт көптік қылады ма өмірде қысқа?!
Махаббатың мен үшін кезекті аялдама,
Жолымнан ұстама, бақытымды байлама.
(«Меланхолик»)
Атауына назар аударайық. «Меланхолик». Гиппократтың мінезге байланысты 4 классификациясының бірі. Яғни, қара от, уайымшыл. Ғалымның анықтауы бойынша бұл темпераменттің иесі сезімтал, тұйық, сөзге сараң, жайбасар. Мұндай адамның жүйке жүйесі әлсіз. Өйткені, оның қозу, тежелу жүйке процестері өте баяулығымен ерекшеленеді. Не нәрсе болса да ішінде сақтайды. Жан толғанысының терең және ұзақтығымен дараланатын адам. Аристотель атақты, шығармашылық адамдарының меланхоликтер арасынан көп шығатындығын айтқан екен. Өзінің осы темпераменттен екендігін Шыңғыс бірнеше рэптерінде бірнеше рет тыңдармандарына ескертеді. Мәселен,
Шаршатты ма сендерді менің мұңды әндерім?
Мәңгілік меланхолик, (мүлдем) бөлек әлемім.
(«Қасірет»)

«Шығармашылығым – айнам» деген сөзіне сенсек, солай болғаны.
«Жеңілген Жауынгер» альбомындағы рэптердің бұрынғыдан тағы бір өзгешелік аңғарылады. Ол – ата-ана алдындағы жауапкершілік, отбасын құру, ана мен бала махаббаты. Аталған жайттар авторды көптен мазалаған мәселе екені көрініп-ақ тұр. Мәселен, «Сырласым» трегінде:
Тасжүректігім үшін, кешірші мені мама,
Көңіліңді қалдырсамда бақыт тілеп балаңа.


Анашым айтады әкем мені сағыныпты,
Бірақ ұмыттым үйіме баратын бағытты.
Мамам кешірді ақымақты,
Бақытымды жоғалттым іздеймін деп бақытты.
(«Қаза болсаң» )

Әкем қалайды ұлының болғанын табысты.
«Үйлен» деп тағы да миымды ашытты,
Уайымнан алыстатады қашықтық.
Мені жек көрсе де немесе сүйсе де,
Шабытым өліп болмай кетсе концерттерде.
Сұлу жұбайы бар болам көп балалы әке,
Өлеңімді жазуды доғармаймын түндерде.
(«Не білесің мен жайлы»)

Армандаймын ойнауды мен
Болашақ ұлдарыммен.
(«Қияли қояншық» )
Отбасы, ата-ана алдындағы парыз қай кезде болмасын адамзаттың алдыңғы мақсаттарының бірі. Ал 26-ны еңсерген жігіт үшін басты мәселе болатыны айтпаса да белгілі. Бұл ретте тек Шыңғысқа сәттілік тілейміз.

Өзінің рэпке қалай келгендігі туралы «Олдскул» рэпінен тыңдаған боларсыздар. Рэптің кірме жанр екендігін сөз басында айтым кеттім. Осы ойымызға аталмыш трек тұздық болды.

Децл, Шеффтің мәтіндерін жаттап,
Айнаға қарап, қимылдарын қайталап......
.....Ақымақ болып айтуға тырыстым орысша,
Ол айтты маған: Брат, попробуй қазақша.

Орыстың азулы рэперлерінен үлгі алғандығы, сол арқылы қазақша рэптің негізінің қаланғандығы мәлім.

Автордың туындыларының бір бөлімі өмір мен өлімге қатысты толғаныстар. Мәселен, «Алматы», «Қаза болсаң», «О дүние» және тағы да басқа тректерге осы тақырыптар негіз болған. Өмір мен өлім күрделі тақырып. Сондықтан да Шыңғысқа әлі де өмірлік тәжірибенің керектігі анық байқалады.

Патриоттық жігер сыйлайтын трегтер қазақша рэпте енді белең алып келе жатыр. Алдағы уақытта қазіргіден де көп болғандығын қалаймын. Оған бір ғана себеп. Рэп тыңдармандарының белсенді тыңдармандары 10-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Олардың отаншылдыққа жетелейтін рухты өлеңдерді тыңдауы ұлтқа деген махаббатын қалыптастырады. Өмірден түңілген, жолы болмаған махаббатты жырлай бергеннен бір сәт рухты өлеңдерге де назар аударған жөн секілді. Музыка – ұлттық сананы қалыптастыратын бірден-бір идеологиялық құрал. Бұл ұсынысты барлық қазақ рэперлерінің құлақтарына алтын сырға деп білерсіздер.
Сонымен, Шыңғыстың шығармаларында да рухты тректердің бары қуантты.

Қыранбыз, қанаттарымыз талмасын,
Дұшпандар жеңіліс тауып жалаулары тапталсын!
Мен қазақпын – Ұлы түркілердің ұрпағы,
Бағындырған әлемді басқан атының тұяғы.
Бабаларымның рухынан сұраймын кешірім,
Қандастарым үшін менсінбейтін өз тілін!
Қаралы тарих қалсын мәңгі тарихта!
Еңсені көтеріп ұмтылайық болашаққа!
Қазақтың жігіттері – жеңіс иелері,
Келіндеріміздің басы ғана иіледі.
Жерұйық Қазақтың даласында білем,
Асан Қайғы оны босқа мұнда іздемеген.
Біз көппіз менімен қазақ жастары,
Жұмылсақ өркендейміз уақытта қасқағым.
Менің рэпім айналды тілімнің тұмарына,
Брэйк данс керек емес қане биле қара жорға!
(«Қара жорға»)

«Баба тілін сәнді тілге айналдыруды» мақсат еткен лейбл әртістерінің бұлай айтуы заңды. Сондай-ақ, қазақ тілімен ғаламшарды тербетуге жігерлендіретін «Ғаламшарды тербетем» трегін айта кетпесе болмайды.

Қоғамдағы шындық «Назерке» рэпінде көрініс алады. Расымен де, нашақорлық, суицит қазақ қоғамын айналып өтпеген қасірет. Қазақстан суицит бойынша әлемде 3 орында тұрғандығы кез-келген адамды бейжай қалдырмайды. «Қанатым жоқ...» әнін де қоғамда болып жатқан түрлі салғырттықтарды дөп басқан. Осы әннің 7 шумағы ақын Алмас Темірбайдың мына бір өлең жолдарын еске түсіреді:
.....Сатам депті біреу қымбат үйлерін,
Сатам депті біреу бір жақ бүйрегін,
Сатам депті бір бойжеткен пәктігін,
Сатып кетті депті біреу сүйгенім... ( «Б/у жүрек»)

Мінсіз іс болмайды. Сондай-ақ, «Біткен іске сыншы көп». Шыңғыстың әр әні өзіне бауыр еті баласындай болатынын да білемін. Баласының мінін естіген кімге жақсын?! Бірақ талғаммен таласа алмаймыз. Мен «О, май GOD!», «Джентельмен» әндерін миыма сыйғыза алмадым десем артық айтпаған болармын. Белден төмен әңгіме киелі сахнаны жаулап алғаны белгілі. Сатира театрлары да, әзілкештер де белден төмен әңгімені өздері айтып өздері күлетін дәрежеде қалып барады. Осы орайда, көптің бірі айтатын сөзді қайталамай, жоғары талғамға сай құнды дүниелер көп болса екен деген ұсыныс айтқым келеді.
Не себепті альбом атауы «Жеңілген жауынгер»? Бұл оның қай жеңілісі? Бұл сұрақ Шыңғыстың өзіне де қойылды: «Жеңілген жауынгер» әнінде барлығы айтылған» дейді. «Жеңілген жауынгер» сезімге толы ән. Сонда, махаббат алдындағы жеңіліс болғаны ма?
Қан төгілген шайқас алаңы қазір тыныш,
Қызғалдақтар өсіп шегінгендей өкініш.
Жымиямын сауытымды ешқашан шешпей,
Көме алмай мәйттерді қалған жерленбей.....
....Бүгін тағы, түсімде көрдім бейнеңді,
Біле тұра күтемін оралмайтын көктемді.
Ақ жалау көтердім тастадым қаруымды,
Жауынгер шайқасудан шаршады...

Иә, бұл жолдардың астарында өтее тереең мағына жатқан секілді. Осы шумақтар туралы Сіз не ойлайсыз, тыңдарман?! Әдемілігімен әлемді тербеткен арудың алдында жеңілісін мойындау, жалпы жеңілісті мойындау нағыз ерлік деп есептелгенін және әйел алдында мойындау жайдан-жай емес екендігін естен шығармаңыз!

Қорыта келе...

Бір кездері Шыңғыстың
«Қазақ рэпінде басталды мамбетализация,
Мамбушалар, бастаймын қазір рэпаксация.
Сендердің орындарың канализация.
Сенікі рэп емес, жай ғана имитация.
АШ Қазақ – статус организация.
Ей, Жамшуд, сенде оклиматизация.
Даму бізде ғана, сенде деградация»
деген рэптерін бұл альбомнан кездестірудің өзі қиын.

«Менің шығармашылығымды бұрыннан бақылаған тыңдарман, осы альбомды тыңдаған соң менің түсініктерімнің, санамның түбегейлі өзгергенін байқайды. Мен де өзімді өз рэпімнен таныдым. Альбом аяқталды, тректердің бәрін плееріме тастап бір күн бойы тыңдадым. Көңілім толды ма, толмады ма... түсініксіз... Альбомда өмірлік философиялық ойлар тым көп, ал рэпті тыңдайтындардың көпшілігі бала-шаға, сондықтан альбомды ұғыну оларға қиын. Негізі ұғуға жеңіл әндер жаза алатыным анық, алайда мендей қырсық адам тыңдарманның талабына иілмейді, керісінше тыңдарманға талап қояды. Сондықтан ұнаса да, ұнамаса да жасағаным осы...»

Альбом ішіндегі дүниелердің, расымен де, мағына жағынан толысқандығы байқалады. Келешекте қазіргіден де терең мағыналы әндер жазылып, жеңіл желпі әндердің орнын ығыстырады деп үміттенемін. «Неге қазақша рэп тыңдармандары тым жас?» деген сұрақ рэперлерді ойландырады деген ойдамын. Шыңғыстың «қырсықтығы» ұзағынан болып, тыңдармандардың талабын емес, өз талабын тыңдармандарға орындатып, мағынасы терең рэптер өмірге келеді деп үміттенеміз. Facebook әлеуметтік желісінде жасы 25-тен асқандарға «Қазақша рэп тыңдайсыз ба? Кімдерді танисыз?» деген сұрақ қойып, олардан «Тыңдамаймын, ешкімді танымаймын» деген жауап алынды. Ал, Ресей рэпінің тыңдармандарының жасы 50-ді еңсерген. Бұл біздің қазақ рэпіне әлі де салмақтылықтың жетіспейтіндігін көрсетеді. Алдан күтетініміз тыңдарман жасын талғамайтын мағыналы рэп. Шыңғыстың шығармашылығына, студия жігіттеріне тек қана таудай табыс, шалқар шабыт тілейміз.

Балғын Әділбаева, журналист, музыкалық сыншы


"Жеңілген Жауынгер" альбомын жүктеу