Концерт, букинг, пресса: + 7 775 646 72 06; Вконтакте Facebook Twitter Instagram TikTok shyngysofficial@gmail.com

ШYNGYS

Биография Видео Аудио Фото Пресса Дискография Текст Хан Хикаяты Толғаныс

Үйлену керек...


Бүгін көктемнің соңғы концертін бердім. Енді бір айдай демалып жазғы концерттерге дайындалу керек. Концерттер - бұл әрбір рэпердің, әншінің арманы. Менің де арманым болған. Осы соңғы 3-4 жылда небір Мәдениет үйлерді көрдім, кереметін де, быт-шыты шыққанын да. Концертке келген жүз адамды да және мың адамды да... Өте қонақжай, кең дастарханын жайған ұйымдастырушыны да және жағдайы жетпегендіктен дастарханына барын қойған ұйымдастырушы бауырларды да көрдім... Алматыда тұрғандықтан, бүкіл Қазақстан Алматыдағыдай тұрады деген түсінік қалыптасып кетеді екен. Алайда пойыздың терезесінен Алматы облысынан асқанда шынайы Қазақстанның шынайы көрінісін көріп көңілім әрдайым құлазиды. Жеріміз бай, бірақ халық кедей...

Ересек өмір - мен үшін қорқынышты. Отбасы, бала-шаға - мен үшін әлі ерте сияқты, бірақ жасым 26-дан асып барады. Төрт жылдан кейін 30 жасқа келемін. Иә, өмір деген зуылдап барады. Бұрын жасым 15-16 кездері "Шыңғыс, қанша жасыңда үйленесің?" деп сұраса "25 жасымда" деуші едім. Себебі мен үшін 25 жас деген бір үлкеееен жас болып көрінетін. Бүгін мамам тағы телефон шалды "Қашан келін әкелесің? Бәрінің балалары үйленіп бала-шағалы болып жатыр! Інілерің де үйленді! Қашанғы бойдақ қайын аға болып жүрмексің?" деп ұрысты. Үйреншікті әңгіме. Осылай аптасына кем деген бес рет телефон шалып ұрысады. Үйлену керек... Жақсы жар болатын жақсы ару табу керек... Өкініштісі, маған бұзық қыздар ұнайды, ал жақсы арумен ішім пысып кетеді. Бәлкім өзім бұзық болғандықтан бұзықтарға құмар болармын...

Соңғы кездері байқағаным... Көшеде кетіп бара жатып кішкентай сәбиді көрсем еріксіз жымиып көңіл күйім көтерілетін болыпты. Сәбиді қолыма алғым-ақ келіп тұрады. Кейде үйімнің ауласына шығып көршілердің бала-шағалары улап-шулап, күліп ойнағандарына қарап отырып демаламын. Бәлкім менде әкелік сезімдер оянып жатқан болар...

Рэп деген мен үшін айықпас дерт болғандай. Егер бұрын "Өл! Аяғың сынсын! Көтіңе шиқан шықсын!" деп қарғасам, қазір "Рэпер болып кет!" деп қарғаймын... Хе-хе-хе! Тастайын десем тастай алмаймын. Алқаш арағын тастай алмаса, мен рэпті. Не болсада есейдім... Бұрынғы әндер үшін, сөздерім үшін ұялатын болыппын. Менде қанның қызу басылды, ал тыңдарман бұрынғы қанның қызуымен, жастықтың буымен айтылған әндерді сұрайды. Тыңдарманым, менде енді артқа жол жоқ... Солай... Үйлену керек маған...